Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі.
Мектепішілік тәрбиелік шара
2018-2019 оқу жылы
Тіліміздің мәртебесін асқақтату – әр адамның міндеті. Жылдағы дәстүр бойынша 22 қыркүйек Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күніне орай «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» тақырыбымен мектебімізде 12-22 қыркүйек аралығында онкүндік болып өтті.
Онкүндіктің негізгі мақсаты: оқушыларға өз ана тілінің қадір – қасиетін, құдіретін ұғындыру, тіл мәртебесін көтеру және білім деңгейлерін сарапқа салу, басқа тілдерге де құрметпен қарап,әрбір ұлттың ана тілі баға жетпес мұра екенін сезіндіріп, тілге деген сүйіспеншілігін арттыру.
Онкүндік 12 қыркүйек күні салтанатты түрде ашылып, «Ана тілі – баба тілі» атты ертеңгілікпен жалғасты. Шағын топ пен мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері балалық бал тілдерімен тіл туралы тақпақтарын айтып өтті. (Тәрбиешілер Н.Кенжеғалиева, А.Қалиоллина) 13 қыркүйекте «Тіл –білім кілті», «Тілдің мерейі –елдің мерейі»тақырыптарында өткен тәрбие сағаттары барысында 1-4- сынып оқушылары тіл туралы өлең-жырларды жатқа айтып, би-шешендердің даналық сөздерін мәніне келтіріп, мың бұрала билеп, көпшілік көңілінен шыға білді. Ал 5-7-сынып оқушыларымен өткізілген «Құнды сөз, құнарлы ой» атты шара да мазмұндылығымен, мәнділігімен ерекшеленді. Оқушылар ұлттық киім кию жағынан да, сахналық қойылымда да үлкен ізденіспен дайындалғанын көрсете білді. (Сынып жетекшілер Н.Қарабалина, З.Таментаева) 15 қыркүйекте 8-11-сыныптардың қатысуымен «Сөзге шешен- тілге жүйрік» тақырыбында әдеби –танымдық кеш өтті.
Оқушылар мұнда тіл тарихына терең бойлап, өзіндік ой-пікірлерін ортаға салып, бойларындағы өнерлерін көрсетіп, тілді кейінгі ұрпаққа жеткізу парыз екендігін дәлелдей түсті. 17 қыркүйекте үш тілде көркемсөз шеберлері байқауы өтті. Онда оқушылар «от ауызды, орақ тілді» ақындарымыздың маржан сөздерімен өрілген жыр шумақтарын оқыды. Сонымен бірге «Тіл тағдыры-ел тағдыры» тақырыбымен суреттер көрмесі ұйымдастырылды.
Аталмыш онкүндік аясында «Ана тілім – асыл қазынам» тақырыбында 9-10-сынып оқушылары арасында қазақ тілі, орыс тілі,,ағылшын тіліндегі шығармалар байқауы өткізіліп, аудандық байқауға қазақ тілінен А.Қуанынова мен А.Бердіғалиеваның орыс тілінен А.Амангелдиеваның жұмысы жіберілді. Онкүндікті тілдер бірлестігінің жетекшісі А. Халенова қорытындылап, іс- шараға белсене қатысқан сыныптар мен оқушыларға «Мадақтама» қағаздарын табыс етті.
Ана тілімізде таза сөйлеу, бүкіл құнары мен нәрін бойымызға сіңіру, қадірлей білу –баршамыздың міндетіміз.